72
Аллаға мадақ
Қияметте батыстан шығар күнді,
Ұмытпастан ұлықта Раббыңды.
Тура жолды көрсету үшін Расул,
Өз-өзін тірі жүрген Құран қылды.
Мұхаммедше адал боп аманатқа,
Мінезіңмен үлгі бол жамағатқа.
Мейріміне Аллаһтың бөленесің,
Қарыныңды тойдырсаң қанағатқа.
Мұхаммедше көмек бер өтінгенге,
Мұхаммедше желек бол жетімдерге.
Саған тиер сауапты әр амалы,
Ертең өсіп сол жетім жетілгенде.
Мұхаммедше сабыр ет жоқшылыққа,
Мұхаммедше шүкір ет тоқшылықта.
О дүниенің ойлай бер от азабын,
Бұл өмірде төзбесең от, суыққа.
Мұхаммедше жұмсақ бол жұбайыңа,
Мұхаммедше жалбарын Құдайыңа.
Сонда ғана жәннатта қауышасың,
Аллаһтың мінсіз, кемел шырайына.
Махаббатта адаспай ақылымнан,
Иә, Раббым, қалмайын Расулыңнан.
Қаһарыңнан қаншалық қорықсам да,
Үміт етем соншалық Рахымыңнан.
Бағытталып Аллаға бар игіміз,
Үлгі етеміз әр істе Нәбиді біз.
Қияметтің күнінде «үмбетім» деп,
Шапағатшы болса екен хабибіміз!!!