141
“ХИКМЕТ”
баспа үйі
жеткізгеннен кейін, осалдық қылып берілген бұйрық
жайында таластыңдар да қарсы келдіңдер, біреулерің
осы дүниені, ал кейбіреулерің ақіретті қаладыңдар.
Сонда Аллаһ сендерді сынау үшін беттеріңді қайтарып
жауға үстемдік берді. Ант болсын, Ол мүминдерге мол
(кең) игілік Иесі, сендерді кешіреді.
«Сол уақытта Пайғамбар сендерді шақырса
да ешкімге қарамай қашып бара жатқансыңдар;
уыстарыңнан шығарып алғандарыңа да, бастарыңа
түскенге де қайғырмауларың үшін Аллаһ сендерді
қайғы үстіне қайғыға ұшыратты. Аллаһ, сендердің не
істегендеріңді білуші».
(Әли Имран, 152-153 аяттар)
Жоғарыдағы осы аяттар Ухуд соғысына назар
аудартады. Хазіреті Пайғамбар (с.а.у.) соғыс басталмай
тұрып, елу кісіден құралған садақшылар тобын
дұшпанның арт жақтан шабуылы болған жағдайда
оны тойтаратындай етіп орналастырып, мұсылмандар
жеңсе де, жеңілсе де осы жерден әсте айырылмауын
әмір етеді. Бірақ өткелді ұстап тұрғандар бір кезде
мұсылмандар мүшриктерді жеңіп жатқанын көреді де,
соғыс олжасын жинау мақсатымен тұрған жерлерін
тастап, соғыс алаңына кіріп кетеді. Тек қана топ
бастаушы қасында оншақты адамымен қалып қалады.
Бұл жағдайды мұрсат деп білген дұшпан сол өткелден
кіріп, осы қалған мұсылман садақшыларды өлтіреді де,
мұсылмандардың негізгі әскерінің арт жағынан шығып
қоршап алады. Енді екі жаудың ортасында қалған
мұсылмандар бытырай бастайды. Хазіреті Пайғамбар
(с.а.у.) қасына жиналулары үшін сахабаларын
шақырады. Пайғамбарымыздың өзі де осы соғыста
жарақаттанады. Ең соңында мұсылмандар жиналып
ойсырай жеңілуден құтылады. Бірақ соғыстан жеңіліп
шығады. Егер өткелге орналастырылған садақшылар
Аллаһ Расулінің сөзін тыңдап, тұрған орындарынан
кетпесе, мұсылмандар осындай жаман жағдайға душар