107
Әділет (Асен) Ыбыраев,
Астана қаласы.
Әз Пайғамбар – Мұхаммед!
Түп-түнек болған бір әлем еді,
Күркіреп соққан күнәнің лебі.
Тұмылдырықсыз тұншыққан қауым
Күн шығар сәтті, сірә, білмеді.
Ібіліс қана ірі көрінді,
Тыныштық бермес түрі білінді.
Дүрбелең дүние есігін ашқан
Қыз бала жылап тірі көмілді.
Соры боп елдің – сұмға керегі,
Шайтанның шатақ шармап әлегі,
Көзге көрінген нәрсенің бәрін
Құдай дей берген бір заман еді.
Қара суық боп төңірек күзгі,
Бала шыбықтай дір-дір еткізді,
Өсімге батқан бейшара кедей
Өксуменен тек өмір өткізді.
...Кенеттен үміт тамшылап тамды,
Арайлап шапақ шаншып ақ таңды,
Қараңғылықтың пердесін серпіп,
Екі дүниеге шамшырақ жанды.
Шаттыққа бөлеп шуағы жерді,
Исаның айтқан сүйіншісі келді.
Аллаһ Тағала барша адамзатқа
Ибрәһимнің дұғасын берді.
Тыңдамаса да дандайсыған көп,
«Тозаңдай затқа бар ғой сұрау», - деп,
«Бір-бірлеріңе мейірімді болмай
Жәннатқа кіре алмайсыңдар»,- деп.