109
Таңдаулы діни өлеңдер
«Әл-Халиқ» – Жаратушы Ол бар ғаламды,
Бар дүние, көк пен күн, сары далаңды.
Ешбір үлгі мысалсыз өрнектеген
Адамды, ұшқан құсты, орман, аңды.
«Әл-Бариғу» – жаратты Ол жоқтан – барды,
Жат қыл жалған жадыңа жаттанды әнді.
Дүние өздігінен жаралды – мыс,
Деген бір диуана айтқан тоқтамдарды.
Ойланыңыз, не болған бізден бұрын,
Мың сан жұлдыз, аспанда жүзген күнің,
Өздігінен бір нәрсе жарала ма,
Жалғана ма орнына үзген гүлің.
«Әл-Мусаууир» – ерек қып түсіңді елден
Бейнелеуші Ол сымбатты мүсін берген.
Он сегіз мың ғаламға ғажайыптан
Қайталанбас ерекше пішін берген.
Келбетіңді, санаңды, сезіміңді,
Артық қылды басқадан сөз, үніңді.
Сен де ұста жоғарырақ иманыңды,
Ноқта қылып нәпсіңе төзіміңді.
Неге осы біз әуеспіз әр елеске,
Шеберлік тек Аллаға тән емес пе.
Ал адамзат Алланың қалауымен
Бір тамшыдан ұйыған қан емес пе?!
Тыным таппай бал жиған араңыз да,
Күміс суың айналса қара мұзға,
Жыл мезгілі жылжыған дәлдікпенен,
Мұнан артық үйлесім табамыз ба?!