32
Ниеттің маңыздылығы
Абай атамыз отыз жетінші қара сөзінде: «Адамның
адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша
бітіргендігінен емес» деп асыл дініміздегі өте маңызды
бір мәселені қозғайды. Байқап қарасақ, мұнда істі бастау
адамшылықпен байланыстырылған. Шынында да, кез
келген адамның, қоғамның немесе мемлекеттің қолға
алған бастамаларынан көп нәрсені аңғаруға болады.
Бүгінгі қоғамда қолға алынып жатқан бастама-
лар өте көп. Кез келген бастама ә дегенде адамдарды
түрлі үміттің, армандардың, тәтті қиялдардың жетегіне
жетелейтіні рас.
Айналамызға көз жүгіртсек, әркім бір бастаманың
қиялымен күн кешуде. Қайда қарасақ та, «мынадай
бір іс жасайын деп ем», «пәлендей бір бастаманы
қолға алған едім» деген адамдарды көреміз. Бірақ сол
бастамалардың көпшілігі тәтті түстің бел ортасына
келгенде үзіліп кеткеніндей, ортан белде нәтижесіз
аяқталып жатады. Осының себебі мен сыры неде?
Ислам ақиқаты тұрғысынан осы жайлы аз-кем әңгіме
қозғамақпыз.
Адам кез келген істі белгілі бір нәтижеге қол
жеткізейін деп жасайды. Бірақ әркімнің бір істі
бастардағы ниеті, тілегі, мақсаты бірдей емес. Біреулер
мұндайда қарақан басының қамын, енді біреу отбасының
күйбеңін ойлайды. «Ақсұңқар ұшар жемі үшін, туады
ерлер елі үшін» дегендей, үшінші бір топ адамдар елдік
мүддені көксейді. Ендігі бір топ кісілер екі дүниенің,
екі әлемнің бақытын тілеп іс қылады. Әрине, әркімнің