Алғы сөз
Мұхаммед Мұстафаның (с.а.с.) аты қазіргі таңда
төрткүл дүниеге кеңінен таныс. Оның ұлы тұлғасына
тек мұсылмандар ғана емес, өзге сенім өкілдері
де таңданысын жасыра алмай, ерекше құрметпен
қарайды. «Ең ықпалды 100 тұлға» атты басылымның
авторы Майкл Харт оны ең бірінші орынға шығарды.
Германияның мемлекет қайраткері Бисмарк: «Сенің
ғасырыңда туып, өзіңмен замандас бола алмағаныма
өкінемін, Мұхаммед!» – деп шынайы өкінішін білдіріп,
1927 жылғы халықаралық құқық конгресінде сөйлеген
сөзінде былай деген еді: «Адамзат баласы хазірет
Мұхаммедті мақтан тұтады, өйткені хат танымайтын
бола тұра, оның дарабоздығы мен даналығы сонша –
небәрі жиырма үш жылдың ішінде керемет құқықтық
жүйе қалыптастырды. Мына біз, Еуропа халқы, сол
деңгейге екі мың жылдан кейін жете алсақ, бақытты
болар едік».
Еуропа халқы тамсанған ардақты Мұхаммед
пайғамбарымыздың (с.а.с.) тұлғасы қазақ баласына
ежелден таныс. Көшпелі ғұмыр кешкен қыр баласының
салт-дәстүрі сүннетпен біте қайнасқан. Тағдырдың та-
лайына төтеп беріп, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл
сұламаны» бастан кешірген қазақ жұрты орыстың
құдайсыздандыру саясатының ығында жүрсе де
сүннетті тұрмысынан бөлек ұстамаған. Дей тұрғанмен,
рақым пайғамбары Мұхаммедтің (с.а.с.) біз танымаған
қыры мен пайымымыз жетпеген тылсымы терең
тұстары жетіп артылады.