166
Күнәға қарай кешірім тілеу
Адам баласы – қыр-сыры мол ғажап жараты-
лыс. Жаратылысының көп қырларының бірі – жиі
қателесетіні әрі күнә жасайтындығы. Ардақты
пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
«Барлық адам қателеседі, бірақ
қателесушілердің арасындағы ең жақсысы өз қателігін
мойындап тәубеге келгені»
деп осы ақиқатты білдірген.
Өзіне қанша мұқият қарағанымен, пайғамбарлардан өзге
барлық адам қателеседі, күнә жасайды. Жаңылмайтын
жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайтыны секілді аяғын ша-
лыс баспайтын адам да болмайды. Біреу сөзінен, біреу
ісінен, біреу қылық-әрекеттерінен, енді біреу сенімінен
қателеседі. Кейде біліп тұрып, кейде білмей қалып қате
жасаймыз. Өйткені адам бойында қателікке қарай тар-
тып әкететін кейбір сезімдер бар. Негізінде, ол сезімдер
жақсылыққа бастасын деп берілген. Мәселен, ашу-ыза
адамға отан қорғағанда, иманын сақтағанда, нәпсімен
күрескенде пайдалансын деп берілген. Ашу-ызасын
дұрыс басқара білгендер кешегі Бөгенбай, Наурызбай,
Қабанбайлар секілді ел қорғап батыр атақтары шыққан.
Алла құзырында ниеттеріне қарай сауаптарын да алды.
Сол секілді жақсы көру, махаббат, сүйіспеншілік
сезімдерін де дұрыс арнасына сала алмағандар көп
қателеседі. Біреуді жақсы көрем, сүйем деп жүріп
құмарлыққа салынып кеткендер аз емес. Алланы,
пайғамбарларды, сахабалар мен игі жақсы құлдарды
жақсы көрсін деп берілген сезім кейде пендені түрлі
қателіктер мен күнәға қарай жетелеп кетуі ғажап емес.
Адамның көп қате жасағыштығы осыдан.