Previous Page  212 / 520 Next Page
Information
Show Menu
Previous Page 212 / 520 Next Page
Page Background

212

Ислам ғылымхалы

5. Хұтпашы мінберге шыққан кезде оның алдын-

да азаншы азан оқиды. Хазіреті Пайғамбар заманында

оқылған азан осы.

6. Хұтпашы азаннан кейін тұрып, құпиялай әғузуды

оқып, жариялай Аллаһ Тағалаға мадақ айтып, хұтпасын

жамағатқа қарап оқиды.

7. Хұтпа біткен кезде қамат айтылады.

Жұма намазы ауылдық жерлерде де оқылатыны

жайлы бұрыннан рұқсат берілген. Бір ауылда тұратын

адам қалаға келіп, жұма уақытына дейін қалуды ниет

етсе, оған жұма намазы – парыз. Бірақ жұмадан бұрын

кетуге ниет етсе, парыз емес. Жұма уақыты кіргеннен

кейін шығуды ниет етсе, басым көпшіліктің көзқарасы

бойынша, парыз болмайды. Ауылға көліктің ерте кетіп,

басқа бір көліктің болмауы секілді себептерге байланы-

сты, жұманы күтпесе де болады. Бесін намазын оқыса,

жетіп жатыр. Жұма күні жолға шығуға болады. Бірақ

түстен кейін жұма намазын оқымай шығуы – мәкрүһ.

Жұма күні тәкбір айту, жуыну, хош иіс жағу, мисуак

қолдану, жақсы киім кию – мұстахап. Жұма күні азан

оқылған кезде себепті жағдайы болмағандардың істерін

тоқтатып, мешітке дереу баруы – уәжіп. Жұма күні

мешітке ерте бару, екі рәкат намаз оқу, «Кәһф» сүресін

оқу немесе тыңдау – мәндүп.

Хұтпашы мінберге шыққан кезде, жамағаттың

тыныштық сақтауы, сәлем алып, сәлем бермеуі, нәпіл

намаз оқымауы керек. Жұманың екі сүннетін оқып қойса,

қалғанын тезірек уәжіптерін бұзбай бітіру қажет. Тіпті

хұтпада Пайғамбарымыздың (с.а.у.) аты айтылса да са-

лауат айтпай үнсіз қалу – абзал. Бірақ Әбу Юсуп бой-

ынша, іштей салауат айтылады.