353
Зекет
Жыл толу мәселесінде Имам Әбу Ханифаның
көзқарасына сүйенсек, зекеті берілетін байлық екіге
бөлінеді.
а) Алтын, күміс, барлық ақша түрлері және жылдың
көбінде қырда жайылатын малдар мен сауда заттары.
ә) Барлық егістік, бау-бақша өнімдері мен қазба
байлықтар.
Бірінші бөлімдегі зекет берілетін заттар мен
дүние-мүлік, малдардың зекеті берілу үшін толық бір
жыл толуы шарт. Өйткені, малдардың төлдеп, сауда
заттарының кіріс кіргізетін уақыты кем дегенде бір жыл.
Ал екінші бөлімдегі зекеті берілетін дүниелердің зекеті
берілуі үшін бір жыл толуы шарт емес. Өйткені, егіс
пен бау-бақшадан бірнеше айда өнім алуға болады. Сол
сияқты қазба байлықты бір жылда бірнеше рет алуға
болатындықтан, бұларға нисап мөлшері мен бір жыл толу
шарты қосылмайды. Ал Әбу Юсуп пен Мұхаммедтің бұл
мәселедегі көзқарасына сүйенсек, шамамен бір тоннаға
жетпейтін және қолда бір жыл сақтауға шыдамайтын егіс
өнімдері мен жеміс-жидектерден зекет алынбайды.
Зекет парыз болу үшін ханафи мәзһабында нисап
көлемі жылдың басында әрі жылдың аяғында толық
болуы шарт. Мысалға, бір адам негізгі қажеттерінен
тыс 100 грамм алтынға ие болса, бір жыл толғаннан
кейін 50 грамға азайса, бұл адамға зекет беру парыз емес.
Бірақ жылдың ортасында азайып, жылдың аяғында нисап
көлеміне қайта жетсе, зекет беріледі. Мысалға, алты
айдан кейін 50 грамға азайса, бірақ жылдың аяғында 120
грамға шықса, жылдың басындағы 100 грамның немесе
жылдың ортасындағы 50 грамның зекеті берілмей,
жылдың аяғындағы 120 грамның зекеті беріледі.