31
Құқық түрлері
қолды болған мүлікті иесіне тапсыру секілді істерді
қарастырамыз.
Бұлар - мүліктік сипаттағы кісі ақысына қатысты
жіктеулер. Бұлардан басқа кісі ақысына жататын
мүліктік емес сипаттағы құқықтар да бар. Ата-ананың,
ерлі-зайыптылардың, перзентінің ата-анасы алдындағы
қамқорлығы, тәрбиесі секілді сан алуан құқықтар,
сондай-ақ, көршілер арасындағы, байдың кедей
алдындағы, жұмыс беруші мен жұмысшының арасы,
билік пен халық арасындағы қатынастар мүминдердің
өзара құқықтары мен міндеттерін айқындайды.
Мүліктік сипаттағы құқық бұзылғанда, жәбір
көрген адам құзіретті органдарға жүгініп, өз құқығын
қорғай алады және ақысын талап етіп, төлеттіре алады.
Әділет механизмі дұрыс жолға қойылған ортада мұндай
олқылыққа жол берілмейді де. Құқық бұзушылық орын
алған жағдайда арызданушы жауапкер тұлғадан шыққан
шығынды өндіріп алады, сондай-ақ жауапкер теріс
қылығы үшін қоғам алдында бақ-беделден жұрдай бо-
луы да мүмкін.
Ал мүліктік емес сипаттағы құқықтарды сақтау
бұдан гөрі күрделірек. Кісінің ар-намысы мен қадір-
қасиетіне нұқсан келтіретін немесе беделін түсіретін
өсек-аяң, жала жабу, қорлау секілді әдепсіз қылықтардан
адамзат бойын аулақ ұстағаны абзал. Өйткені, мұндай
құқық бұзушылықты жасау тіптен оңай, бар болғаны
буынсыз тілдің тізгінін ағыту жеткілікті. Сондықтан,
мүліктік емес, яғни моральдық зиянның орнын толтыру
қиынның қиыны. Ақылға салып бағамдасаңыз, ар-намыс
пен қадір-қасиеттің ақшалай баламасы болуы мүмкін бе?
Мұндай қылыққа барған адамның ақырет күні құдайдың
құзырында салы суға кетері күмәнсіз.