42
Даналық ойдан дән ізде
Асыл дініміздің де негізгі рухы бірлік пен ынтымаққа
құрылған. Бірақ мұның байыбына барып жатқандар
қанша?! Мәселен, намаз бүкіл мұсылмандарды күніне
бес рет мешіттің бірлік күмбезінің астына жиналуға
шақырады. Әрбір мешітте мұсылмандардың иық
тірестіріп намаз оқуы бірліктің теңдессіз үлгісі. Тіпті
бір-біріне ренжіп жүрген кісілердің өзі намазда қатар
тұрып қалса, өкпе-наздарын ойдан шығарып тұруы тиіс.
Ал зекет беретін мөлшердегі дәулеттілер әр жыл сайын
тұрмысы нашар жандармен рухани көпір құруға асығып
жатады. Бұл да бірлік. Қажылық кезінде жер бетінің
түкпір-түкпірінен келген мұсылмандар, нәсіліне, тіліне,
салт-дәстүріне, жасына қарамай қасиетті Қағбаны тауап
етеді. Бұл да бірліктің айқын үлгісі. Осы ғибадаттардың
барлығын біріге отырып орындаған иманды жандар
қайтіп достаспасын, қайтіп ынтымақ құрмасын?! Алайда
бүгінгі таңда бір қазақ екінші қазаққа сенім арта алмай-
тын жағдайға жеттік. Өзінен басқа ешкімге сенбейтіндер
көбейді. Бір қазақты бір қазақ ұрып кетіпті, соғып
кетіпті деген сөздерге де құлағымыз үйрене бастады.
Мектептердің өзінде жоғары сыныптың оқушылары
төменгі сыныптағыларды қорқытып, үркітіп, «салық»
салып отырғанын естіп жүрміз. Бәрінен де маңыздысы,
бүкіл мұсылмандар бір Аллаға сенеміз. Ақырет шын,
Құран хақ дейміз. Сөйтіп жүріп бір-бірімізге дұшпандық
жасаймыз. Осындайда мұсылмандық деген ардақты ат
жүрегімізден де, жанымыздан да, ділімізден де алыстап,
тек тілдің ұшында ғана қалғаны ма деп қынжыламыз.
Алла тағала барша мұсылмандардың, соның ішінде
қазақ жұртының жүректерін біріктіріп, ынтымағын
арттырғай!