Previous Page  16 / 256 Next Page
Information
Show Menu
Previous Page 16 / 256 Next Page
Page Background

16

Аллаға мадақ

Бізге арнап көктен шатыр,жерден бесік төсепті,

Бұлтты сығып, тамшылатып өндірді гүл, көшетті.

Қаншама жыл бір тәртіппен ауысып тұр күн мен түн.

Кім қойды екен бұл ғаламға бұлжымайтын есепті?!

Шыбын-шіркей, көбелекке, бал араға қараңыз,

Әрбірінен Құдайылық құдіретті табамыз.

Жан-жануар, өсімдіктер, аңдар, құстар, балықтар

Барлығына басшы еткен, біздер «Адам» боламыз.

Абайласақ адамзатты жаратыпты ерек қып,

Тік жүргізіп, жар сүйгізіп, қыз бен ұлды керек қып.

Сезім беріп, төзім беріп, иман беріп жүрекке

Ақыл берді, қайрат берді хайуандардан бөлек қып.

Ыңғайлы етіп екі қолды ауызыңа ас бер деп,

Ішкен-жеген адалдан ба, әлде арам ба тексер деп.

Исін сез деп мұрын беріп, түсін көр деп көз беріп,

Қабақ қойды көз үстіне зарар келмес ескер деп.

Қажалмасқа кірпік берді ашып-жұмып тұрғанда,

Қас беріпті көзге ақпас деп маңдайды тер жуғанда.

Бір-біріңді түсінгін деп дыбыс берді, сөз берді,

Тілімізді қимылдатып олай-бұлай бұрғанда.

Тұра аламыз осыдан соң қақпай қалай таңдайды,

Еш аппарат жасай алмас суды, сүтті, бал, майды.

Ең бір озық техника да, ғылымдар да дамыған

Тіпті шыбын-шіркейлердің өзін жасай алмайды.

Жаратушы жерді жайып, төсек етіп Төсеуші,

Таулар қандай, баулар қандай, нөсерлеген нөсер ше?!

Шебер, шебер дей бергенше ақылменен анықтап,

Бір тамшыдан Адам еткен «Аллаһ Шебер!» десеңші!