117
Тақуалық тәмсілдер
шырпыларын тұтатады. Демек кішкентай болу оттан
құтқара алмаса керек.
Мәлік ибн Динар оған ештеңе деп қарсы дау айта
алмады.
Ананың разылығы
Баязит Бистами «Ғылымда бұндай биік дәрежеге
қалай жеттің?» деп сұрағандарға:
– Анамның дұғасымен, – деп, басынан өткен мына
оқиғаны айтушы еді.
«Бір күні анам қатты ауырды. Мен қасынан бір елі
ажырамадым. Түнде анамның аяқ жағында отырған
едім. Әлден уақытта: «Ботам, су берші?» – деді. Тұра
жүгірдім, бірақ үйде су бітіп қалған екен, екі өкпемді
қолыма алып ауыл сыртындағы бұлаққа бардым. Суды
алып келсем, анамның көзі ілініп кетіпті. Қолыма мұздай
суды ұстап, шешемнің оянуын күтіп отырдым. Таң ата
анам оянды, мен суды ұсына қойдым. Анам басын-
да ештеңеге түсінбей тұрды да, есіне түскеннен кейін
көзіне жас алып былай деді: «Я, Жаратқан, мен ұлыма
разымын, сен де разы бола гөр!»
Баязит Бистами сөзін ары қарай жалғап:
– Егер Аллаһтың алдында аз да болса қадірім бол-
са, ол анамның сол дұғасынан деп білемін, – дейтін.
Ораза неге бұзылды?
Әулие құлдардың оразасы астан тыйылумен ғана
шектелмеген. Олар ауыз бекіткенде бойды барлық
жаман қылықтардан аулақ ұстап, рухани тазалыққа
көп көңіл бөлген. Жаратушы иенің разылығын мақсат
тұтқандықтан, жыл он екі айдың барлығын Рамазан ай-
ындай құрметтеп, үнемі ораза ұстаған.