144
Тағылым таразысы
қана емдей алады» деген ойға итермеледі. Ақыр аяғында
олар қызды әлгі монахқа әкелді. Монах қызды емдеуден
қанша бас тартса да, ата-анасы қоярда қоймай жалы-
нып, қызды монахқа табыстап кетті. Осы кезде шайтан
келіп, монахтың ойын азғырып, қызға жақындатуға
итермеледі. Ақыры айтқанын істетті. Қыз монахтан
жүкті болып қалған кезде, шайтан қайта келіп: «Әй,
монах! Бұл не қылғаның?! Қыздың жақындары келіп,
елдің алдында масқараңды шығарғанын қалайсың ба?
Бұл қызды өлтір! Басқа жол жоқ. Егер олар келіп сұраса,
«Қыз өліп қалды» деп айт», – деп азғырды.
Әзәзілге ерген монах қызды өлтіріп, көміп тастады.
Бұдан кейін шайтан қыздың әке-шешесіне барып, «Сірә,
монах қызды масқаралағаннан кейін өлтіріп тастаған
болар» деген күмән салды. Ата-анасы монахқа келіп,
қыздың жағдайын сұрады. Монах қыздың өліп қалғанын
айтқанда, олар жабылып монахты өлтірмек болады.
Осы кезде шайтан монахқа келіп: – Қызды безгек ау-
руына ұшыратқан менмін. Монахқа емдетіңдер деген
ой тастаған да менмін, сондықтан олардан құтылғың
келсе, маған бағын. Айтқанымды істе. Сені құтқарам,
– деді. Монах: – Саған қайтіп бағынам? – дегенде, шай-
тан: – Маған екі рет сәжде жаса, – деп бұйырды. Ол екі
рет сәжде жасағанда, шайтан түршігіп: – Кет әрі, менен
аулақ, – деді.
«Хашр» сүресінің 16-аяты сол жайында деседі:
«(Яһудилерді соғысқа итермелеу тұрғысында
екіжүзділердің жағдайы) шайтанның кебі секілді.
Ол әлгі адамға «Кәпір бол!» деді. Ол кәпір болғанда,
«Мен сенен алыспын, мен әлемдердің раббы Аллаһтан
қорқамын» деді.