148
Тағылым таразысы
– Ұстаз, біз бұл жұмбақтан ештеңе түсінбедік, –
дейді. Сонда Әбу Ханифа: – Бұл әйел өте ұятты кісі
екен. Сұрағын ашық қоюға ұялды. Алманың қызыл
жағы мен сары жағын ғана көрсетумен шектелді.
(Яғни етеккірім келген кездерімде кейде қызыл, кейде
сарғыш қан көремін. Бұлардың екеуі де хайыз болып
есептеле ме? Жоқ әлде тек қызыл түстісі ғана хайызға
жата ма, деп сұрағысы келді). Мен оған алманы екіге
бөліп, ішіндегі ағын көрсеттім. Яғни қызыл немесе сары
қан тоқтап, сұйықтық ағарғанға дейін хайыз күйінен
арылмайтындығын білдірдім. Ол кісі жұмбақтап сұрақ
қойғандықтан, мен де жұмбақтап жауап бергенді жөн
көрдім, – деді.
Ескерту
Ұлық имам Әбу Ханифа бірде ұлы Хаммадтың
біреумен ақида мәселесінде қызылкеңірдек болып пікір
таластырып жатқанын көріп, алдымен екеуін мұқият
тыңдайды. Сөйтеді де ұлына ендігәрі ондай таласқа
бармауын ескертеді. Ұлы: «Әке, сіз өзіңіз де пікір тала-
стырасыз ғой», – деп қалады. Сонда Әбу Ханифа оған:
«Ұлым, біз пікір таластырғанда, алдымыздағы адам-
ды байқаусызда иманнан суытып алмауға қатты көңіл
бөлетініміз сонша – басымызға құс қонақтап, сол құсты
үркітіп алмайық дегендей бұған асқан сезімталдықпен
қараймыз. Жайлап қана сөзге тарту арқылы ол адамның
дұрысын үйренуіне жағдай жасаймыз. Ал сендер болса,
әлгі адамды жерден алып, көрге саласыңдар. Бұларың
жөн емес», – деп түсіндіреді.