192
Ала жіпті аттама
2. Ысырапкершілік ету және кісі ақысы
Аллаһ тағала адамзаттың еншісіне жер бетіндегі бар
байлықты сыйлаған. Адам баласы берілген нығметтерді
мақсатты әрі ұқсатып пайдалануда ұқыпты болғаны жөн.
Мал-мүлікті ысырап ету Аллаһ тағаланың нығметін аяқ
асты ету, қадірін білмеу, яғни жақсылықты бағаламау
болып саналады. Құран кәрім:
«Күдіксіз Аллаһ ысы-
рап етушілерді ұнатпайды»
деген («Әнғам» сүресі,
141-аят). Жалпылай алғанда, Ислам адам баласын ішіп-
жеуден, дүние қызығын көруден тыймайды, бірақ,
күнделікті тұрмыста орынсыз бекер мал шашуды құп
көрмейді.
Ысырап деп әдетте мал-мүлікті, өзге де игіліктерді
есепсіз қолданып, тиімсіз жұмсауды айтамыз. Адамның
алтын уақытын босқа өткізгені - ысырап, тойып жеген
соң тамақтан тыйылмауы да - ысырап. Адамның уақытты
тиімсіз өткізуі өзіне ғана зиянын тигізсе, басқалардың
уақытын шығын қылуы олардың ақысын бұзғандыққа
жатады.
Түгесілмейтін дүние жоқ, техникалық өркениеттің
қарқынды дамуы жер бетіндегі барлық нәрселердің
шегі барына, табиғат байлықтарының қалпына
келтірілуі мүмкін емес екеніне көзімізді жеткізді.
Пайғамбарымыздың
(саллаллаһу аләйһи уә сәлләм)
ысырап мәселесін
сөз еткенде ағып жатқан қара судың өзін де қажетті
ғана мөлшерде қолдануды бұйырғаны ойландырмай
қоймайды. Расында, әз елші суды өзен жағасында дәрет
алған жағдайда да мөлшерден көп қолдануды мәкрүһ деп
түсіндірген. Олай болса, Пайғамбарымыздың көркем
мінез-құлқынан үлгі алған саналы мұсылман қолда
барды ұқсатуға, қомағайланып ішіп-жеуден тыйылуға,
ысырап етпеуге машықтануы тиіс.