82
Даналық ойдан дән ізде
Күдері шешен бірде:
«Талассаң бағың кетеді,
Таласпасаң не етеді.
Сабыр қылсаң, ағалар,
Анау тұрған жайылым
Бәріңе де жетеді.
Дүние деген өткінші,
Бастарыңнан әлі-ақ өтеді» деп, ұрысып таласуды,
тәтті ауыздың дәмін кетіруді түкке де қажет көрмейді.
Осы жайлы Асан Қайғы бабамыз да: «Өлетұғын тай
үшін, көшетұғын сай үшін, желке терің құрысып
ешкімменен ұрыспа» деп өте орынды сөз қалдырған.
Осы тұста Әнас (р.а.) деген сахабаның мына бір
әңгімесі ойға оралады: «Бір кісі пайғамбарымызға
келіп мал беруін сұрады. Алланың елшісі (с.ғ.с.) оған
сұрағанын бергізді. Сонда әлгі кісі өз жұртына ба-
рып: «Уа, халайық, мұсылмандыққа өтіңдер. Өйткені
Мұхаммед (с.ғ.с.) кедей боп қалам деп қорықпай көп-
көптен мал таратып жатыр. Міне, менің де алдыма мың
қой салып берді» деп айқай салды. Мұны естіп қалған
Әнас (р.а.): «Егер адам тек мал дүние үшін мұсылман
болуды қаласа, онда оған Ислам діні бүкіл дүниеден
артық саналмайынша шынайы мұсылман бола алмай-
ды» деп оның ниетін түзетіп қойды.
Жинақтай келгенде, мұсылмандыққа көңіл бөлмей,
өткінші дүниелерді қолға түсіруге тырысудың, Абайдың
тілімен айтсақ, «алудың ебін қамдаудың» ешбір жөні
жоқ. Құмарлыққа салыну керек болса, ғылым-білімнің
құмарлығына түскен әбден дұрыс. Өйткені «Бір
ғылымнан басқаның кеселі көп асқанға».