184
Тағылым таразысы
амандасып, қал-жағдайыңызды біліп шығайын деген
едік, – деді имене.
– Үйбай-ау, үйге кірген жыланның да басына
ақ құйып шығарып салмаушы ма еді?! Асықпай оты-
рып, дәмнен ауыз тиіңдер. Астан үлкен кім бар, – деп
күйбеңдеген қарт ана баласының тірі кезінен қалған
әдеті бойынша айтуын айтса да, істің арты қалай бола-
рын сезбеген еді.
Екінші әскери киімді болса, қолындағы сағатына
қарап: – Жарайды, апа, сіздің айтқаныңыз-ақ болсын.
Бірақ қарнымыз тоқ, көп емес екіден жұмыртқа қуырып
жіберсеңіз, сол да жетеді. Басқаға әуре болмаңыз, – деді.
Онысы жеңіл-желпі де жетер, қарт ананы үлкен тамаққа
әурелемейін дегені әрі ауладан қыт-қыттап жүрген
тауықтарды да көзі шалып қалғандығынан еді. Бірақ
олар сол тауықтардың соңғы күндері екі-ақ жұмыртқадан
басқа тумай қойғандығынан хабарсыз болатын.
Қарт ана ас үйге аяңдап бара жатып әлгі балалар-
мен әскерге барып Отан үшін жау қолынан соғыста
шейіт болған өз ұлын еске түсірді. Ол да мына достары
секілді үй тауықтарының жұмыртқасын қуырып жегенді
ұнататын. Әжей дірілдеген қолдарымен жұмыртқаларды
жармақ болып жатып, тұрмыс тапшылығына іштей на-
лыды. Сөйте тура кедейлігін білдірмеудің жолдарын
қарастырып жатыр. Бәрі де мейлі ғой, бірақ екіден
жұмыртқа қуыра салыңыз онда деген бұл балаларым
табақтарында бір-бірден жұмыртқа көргені маған қиын
болатын болды-ау, әй қу жоқшылық, деп күрсіне қолға
алған жұмыртқаларын жарған қарт әжей өз көзіне өзі
сенбей аңтарылып қалды. Өйткені екі жұмыртқаның
екеуінен де қос-қостан егіз уыз шыққан болатын.