Ұлық имам – Имам Ағзам Әбу Ханифа
20
Ибн Мүбарак (р.а.): «Әбу Ханифаны (р.а.) еске алып:
«Бұл кісі туралы не деуге болады? Оған мансап пен
байлықты ұсынғанда, ол одан бас тартады, дүрелесе де
бетінен қайтпайды. Басқалар отырған таққа ол азаптасаң
да отырмайтын»,–дейді.
Хасан ибн Салих (р.а.): «Әбу Ханифа (р.а.) аса
тақуалығына байланысты харам істерге жоламайтын,
күмәнді нәрсеге де қол сұқпайтын, ол кісідей өзіне,
біліміне өте сақ адамды көрмедім»,–деген.
Сәһл ибн Мадхим (р.а.): «Әбу Ханифаның (р.а.) үйіне
кіріп едік, үйінен бұйрадан (қамыстан жасалған төсеніш)
басқа ештеме көрмедік»,–дейді.
Мүжаллид (р.а.): «Мен халифа Һарун әр–Рашидтың
(786–809) алдында отыр едім, ол жерге имам Әбу Юсуф
(р.а.) келді. Оған халифа: «Маған Әбу Ханифаның (р.а.)
ахлағы (мінез-құлқы) туралы айтып беріңіз»,–деп өтініш
жасады.
Сонда ол: «Әбу Ханифа (р.а.) шариғат тыйым салған
істерге жоламайтын, дүниеқорлықтан алыс, көбінесе үнсіз
жүретін, әрдайым өз пікірін дәлелдей алатын, өз ойынан
айнымайтын, бос сөз сөйлемейтін, сұралған мәселені
білсе, нақты жауап беретін адам еді. Ей, мүминдердің
әміршісі! Мен ол кісінің барлық нәрседен өз нәпсісін
тыя алатындығын көрдім, барлық адам туралы жақсы
сөз ғана айтатын»,– дейді. Сонда Һарун әр-Рашид : «Бұл
ұлылықтың белгісі»,–деген екен.
Фузайл ибн Ийаз (р.а.): «Әбу Ханифа (р.а.) фиқһ
ғалымы, тақуалығымен ардақты, келгендерге тапқанын
беретін жомарт, күндіз-түні дәріс беруден жалықпайтын,
түнді ғибадатпен өткізетін, аз сөзді, егер бір халал-харам
мәселесі туралы айту керек болса, ақиқатына көз жеткізіп
түсіндіретін»,–деген екен.